Астана. 7 ақпан. ҚазТАГ Анастасия Прилепская. Елімізде медициналық, ғылыми және саяси орталарда ұзақ өмір сүру және егде жаста денсаулықты сақтау мәселелері жиі талқыланады.
2013 жылға дейін халық ғұмырының болжалды ұзақтығын 69,5 жас, 2015 жылға дейін 70 жасқа ұлғайту «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына мақсатты индикатор ретінде қосылған.
Бірақ, қазақстандықтар 100 жасқа дейін, тіпті одан да ұзақ өмір сүре алады, бұл әр адамның өз денсаулығына деген жауапты қарауы мен медицина қызметкерлерінің жаңашылдыққа, білімге деген құлшынысына байланысты, деп есептейді республикалық жедел және шұғыл көмек орталығының басқарма төрағасы, биология ғылымдарының докторы Кеннет Әлібек.
- Әлібек мырза, әңгімемізді қартаю процесіне посткеңестік кеңістік пен Батыс елдерінің көзқарасы әртүрлі деген сіздің пікіріңізден бастасақ...
- Иә, Батыс пен Қазақстанда ұзақ ғұмыр түсінігі әртүрлі. Егер бізде 70 жасқа дейін өмір сүру мәселесі болса, қазір орташа өмір сүру ұзақтығы - 66-68 жасты құрайды, ал батыс елдерінде адамдар орташа 75-80 жас өмір сүреді, және «сәтті» қартаю үшін жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз, егде жаста денсаулықты және белсенділікті сақтау.
- Ал қазақстандықтар өздерін неге «сәтті» қартаюмен қамтамасыз ете алмайды?
- Оған көптеген факторлар бар. АҚШ пен Батыс Еуропада адамдар 75 жасқа дейін өмір сүреді, олардың ғұмырының болжалды ұзақтығы -80 жастан асады, сондай ақ, ауруларға жастайынан бой алдыратын Қазақстаннан олардың өзгешелігі - ешқандай созылмалы аурулар кездеспейтіндігінде немесе олармен егде жасында ауыратындығында.
Ал бұл індеттердің көбі - алдын алып, емдеуге келетін ауру түрлері. Қазір көз алдымызға қарапайым мысалды елестетейік: АҚШ-та тіске күтім жасаудың ережесі бар, тістің кәрілікке қатысы қанша деп ойлауымыз мүмкін, бірақ америкалықтар әр жарты жыл сайын, тіс тазалау, зақымдалған тістерді емдеу шараларына барады. Яғни, тісінде «қуыс» болса, адам онымен бір апта жүруі мүмкін деген болмайды, бұл қисынсыз. Ол эстетика мәселесі ғана емес, бірінші кезекте, ауыз қуысы микрофлорасының қандай болатындығы.
Ауыз қуысында түрлі созылмалы инфекцияларды туғызатын сан түрлі микроорганизмдер бар. Бактериялар ауыз қуысынан қан арнасына, ал одан - эндотелийге (қан жолдары қабырғаларының ішкі қабатына - ҚазТАГ) түсуі мүмкін. Қан жолдарында олар асқына бастайды, маңында түйіндіктер пайда болып, одан кейін олар кальцификацияға әкеп ұрындырады, салдарынан қан тамырлары нәзік бола бастайды. Артерия қысымы өзгерген жағдайда, қан тамырлары сондай иілімді келмегендіктен, жарыла бастайды. Ал егер қан жолдары бас миында болса, онда инсульт пайда болады...және осындай мысалдарды ондап, жүздеп келтіруге болады.
- Бірақ біздің зейнеткерлер, мемлекеттік қызметкерлердің көбі қызметтің қымбаттығына байланысты тіс дәрігеріне әр жарты жыл сайын баруға мүмкіндіктері жоқ...
- Мен әлеуметтік мәселелер жайлы айта алмаймын. Тек батыс елдеріндегі өз денсаулығына деген қатынас жайлы мысал келтіріп отырмын.
- Яғни, сіз қазақстандықтарға жауапкершілік жетіспейді деп атап айтқаныңыз ба?
- Иә, әрине, бұл маңызды факторлардың бірі адам ұзақ өмір сүру үшін барлығын жасау керектігін түсіну. Бұл 90% адамға, ал екінші кезекте медицинаға байланысты.
- Ал ғұмыр ұзақтығын өсіру үшін жауапкершіліктен басқа, қазақстандықтарға не қажет?
- Бірінші қазақстандықтардың қандай індеттермен жиі ауыратынынан бастау керек. Және осы патологияларды қарастыра отырып, бірінші кезекте қай індеттерге көңіл бөлу керектігін және осы аурулардың ауыртпалығын азайту үшін не істеу керектігін шешу. Ал ауыртпалықты азайту арқылы ғана, біз өмірді ұзарту жөнінде сөз қозғай аламыз.
- Қазақстандықтардың өмірін нақты қашан ұзартуға болады? Осы мәселені шешуге дайындалу үшін біздің медицинаға қанша уақыт керек?
- Менің ойымша, бұл үшін өте көп уақыт керек емес: 3-4 жыл дұрыс жұмыс. Бұл алдын ала емдеу, ағарту, ерте диагностика мен дұрыс емделу мәселелері. Дұрыс жүйе құрай білсек, бұл көп уақыт алады деп ойламаймын.
Әрине, күтпеген жерден бәрі дұрыс емдей бастайды дегенге сенбеймін. Мен бұл жерде айтып отырғаным, біз жалаң мәлімдемелер жасамай, ұсыныстар әзірлеу бастасақ, ауруханалар мен облыстық денсаулық сақтау басқармаларының деңгейінде өмір сүру ұзақтығын арттыру тұрғысында бірден пайдасы тиетін мәселелермен жұмыс істесек, нәтижеге қол жеткізуге болады.
Мен мұны соншалықты қиын міндет деп есептемеймін, Америкалық ғалымдардың ақыл-ойының дамуы жөнінен қазақстандық ғалымдардан артық жері жоқ. Олар тек ақпаратқа қанығуы мен білімдерін пайдалану шеберлігімен ғана ерекшеленеді.
- Өлім-жітімге себеп болып отырған жағдайлардың бірі жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары екені белгілі
-"Жүрек-қан тамырлары аурулары" дегеннің артында көптеген ауру жатыр. Олардың этиологиясы, себептері әр түрлі. Жүрек-қан тамырларының патологиясы созылмалы жүрек жетіспеушілігі ғана емес, бұған атеросклероз, тамырлардың кальцификациясы сияқты қан тамырларының аурулары да жатады. Бұл шет тамырлардың жұмысының бұзылуы, міндетті түрде жүрегі ауырмайды, цереброваскулярлық аурулар да болуы мүмкін. Ондайлар өте көп.
- Және кейбір қан тамырларының бұзылуы - медицина қызметкерлерінің пайымдауынша, қант диабетінің салдары…
- Бұл туралы бөлек сөз қозғау керек, өйткені, диабет бұл, кешіріңіз, Қазақстанда диабет, ал әлемде бұл құрамына көптеген факторлар кіретін метаболикалық синдром деп аталады. Және егер адамдар метаболикалық синдромның не екенін, оны қалай емдеу керектігін, қалай болдырмауға болатынын немесе оның нақты адамның өмірінің ұзақтығына әсер етпеуі үшін не істеу керегін білетін болса, онда мұндай бұзылумен адам анағұрлым ұзақ жасауы мүмкін. Егер адамдарда оны қалай бақылау керегі жөнінде түсінік болса, диабет өте жеңіл бақыланады.
- Сонда қалай? Диабет кезінде инсулин және қантты төмендететін дәрі-дәрмектерді қабылдайтынын адамдардың көбі біледі ғой.
- Иә. Өз денсаулығың үшін жауапкершілікті бұрыс түсінуге тағы да бір мысал келтіре кетейін. Адам дәрігерге келіп, оған «глюкофаж» (қантты төмендететін препарат - ҚазТАГ) жазып береді. Пациент оны бір ай қабылдаған соң, болды, диабеттен жазылып шықтым, енді саумын деп санап, дәрігерге баруын тоқтатады. Бірақ егер оған «глюкофаж» диагнозы қойылса, ол оны өмір бойы қабылдау керек, және әрбір 3 ай өткен соң қант деңгейін, хал-ахуалының қалай өзгеріп жатқандығын қарау үшін дәрігерге барады. Және дәрігер ем-домның әсерін білуі тиіс, пациентке препараттар комбинациясын белгілеп, оны тұрақты бақылауға алады.
Мәселе мынада, қант деңгейінің артуы липидтік алмасудың бұзылуымен қатар жүреді. Яғни, екінші мәселе- липидтік алмасуды бақылау міндетті түрде қажет. Осының барлығы, былайша айтқанда, метаболикалық синдром деп аталатын түсінікке жатады. Бұл жүйелі ауру және оны тиісті дәрежеде емдеу керек.
- Яғни, адамдар дәріні іштім, жазылдым деп санайды…
- Иә, бірақ олай болмайды. Адамдардың ерте қайтыс болатыны да сондықтан. Ал егер қалыпты емдеу және қолдау кестесі болса, метболикалық синдромы бар адам 20, 30 жыл, тіпті, одан артық өмір сүре алады.
- Сіз қазақстандық дәрігерлердің деңгейін білесіз, олар өмірді ұзарту мәселесін шешуге дайын ба?
- Мен, қазақстандық медицинада ақылды адамдар көп деп айта аламын. Бірдеңе істегісі келетіндер де баршылық, алайда, жергілікті медициналық мекемелерде берілетін білім деңгейін, мен, дегенмен, жеткіліксіз және әлемдік стандарттарға сәйкес емес деп санаймын.
- Науқас ауру туралы дәрігерден артық біледі деп жатады...
- Жоқ, науқастың ауру туралы дәрігерден артық білуі мүмкін емес. Бұл науқастың өзі білемін деп санайды. Дәрігер одан артық біледі. Бірақ мәселе мынада, қазірдің өзінде молекулярлы медицина деген түсінік қалыптасты, және дәрігер тек ағза немесе мүше деңгейінде ғана емес, сонымен қатар жасушалық және субжасушалық деңгейде ағзада болып жатқан процестерді түсінуі тиіс. Және ол осыны түсінген кезде, онда ағзада қандай процестердің болып жатқанын және олардың бір-біріне қалай тәуелді екенін біледі. Осы кезде барлық ем-дом мен белгілеулер тиісті дәрежеде ұйымдастырылады. Бұл ғылыми-клиникалық ойлау деп аталады.
- Алайда, біздің қатардағы терапевт дәрігерлеріміз бен педиатрларымызда мұндай білім жоқ қой…
- Оқу керек. Кешіріңіз, егер дәрігер институтты тәмамдап, осыдан кейін әрбір 5 жыл сайын біліктілікті арттыру курстарына барса, одан нәтижелер күтудің қажеті жоқ.
- Ал дәрігерлерді оқуға қалай көндіруге болады?
- Қаржымен. Яғни, егер білетін болсаң, сәйкесінше, ем-дом тиімді болады. Емдеу білмесең, демек, ақшаң да болмайды. Бірақ, шындығында, онда кері эффект шығуы мүмкін. Олай болса, адамдар басқа жолмен «ақша таба бастауы» мүмкін.
- Мысалы, гипердиагностикамен?
- Иә, бірақ бұл мен жұмыс істейтін сала емес, құқыққорғау органдарының құзырлығына жатады.
- Ең соңында, басты сұрақты қояйын - қазіргі заманда 100 жасауға бола ма?
- Болады. Тарих мұны дәлелдейді. Мысал ретінде айтар болсақ, 122 жасқа келген адамдар көп. Және бұл дәлелденген. Жапония, Норвегия, АҚШ секілді көптеген мемлекетерде өмірлік жағдайлардың жақсаруына қарай өмір сүрудің орташа ұзақтығы елеулі артып келеді. Қазіргі кезде Жапонияда - әйелдер орта есеппен 83-84 жыл, ерлер - 79-80 жыл өмір сүреді, және әрбір 8 - 10 мың адамға 100 жыл шектен асқан 1 адамнан келеді. Бұл адамның мүмкіндіктерінің сарқылмағандығының белгісі.
- Сұхбатыңызға рахмет.
- 116 reads





