Алматы. 6 ақпан. ҚазТАГ - Рысмамбетов Расул. Қазақстанда социалистік партия құрып, дамытатын кез келді. Бұл шаруа ертерек қолға алынса, еліміздің дамуы нәтижелі болады. Қазіргі саяси жүйені және республиканың аумақтық құрылымын сақтап қалу осыған байланысты. Қазіргі қоғамдағы үдерістер де осыған жағдай жасап отыр. Қазақстандағы саяси партияларға қатысты жағдай республиканың мемлекеттік құрылысының жаппай тәртіпсіздіктердің алдындағы әлсіздігін көрсетіп отыр.
Қазақстандық тіркелген және тіркелмеген партиялардың бағдарламаларымен танысу олардың онсыз да президенттің жолдауларында айтылатын бірдей әлеуметтік мақсаттарды ұсынғанын көрсетеді. Алайда партиялардың бәрі бірдей өз мақсаттарына қол жету жолдарын сипаттаған жоқ, одан арысы, оларға қол жеткізу үшін іс жүзінде аз жұмыс жасайды. Ал парламенттік партиялар ел халқының үштен бірінен де аз бөлігінің мүдделеріне өкілеттік етіп отыр.
Қазақстанның қазіргі партиялары өздерінің маусымдық қызмет жүргізуіне және қаржыландыру көздерінің бірдейлігіне байланысты азаматтарымыздың үштен бірінің де жанын жаулап алған жоқ.
Бізге саяси партиялардың қажеті қанша?
Саяси партиялардың негізгі функциялары келесідей: орталықтың аймақтармен байланысын нығайтады, аймақтарға және түрлі әлеуметтік топтарға биліктің орталық органдарының саясатында өз мүдделерін қорғауға көмектеседі. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанға партиялар мемлекет өз азаматтарының бәріне бірдей қамқорлық көрсету үшін, барлық аймақтар қарқынды дамуы үшін қажет. Осы себепті саяси партиялар әлеуметтік бағыттың ғана емес, республикадағы мемлекеттік саясаттың барлық салаларындағы балансты қамтамасыз ету керек.
Азаматтық қоғамның институттары ретінде партиялар мен мемлекеттік аппараттың арасындағы баланс бізге, еліміздің бір әлеуметтік топтың диктатурасына немесе азаматтық қоғам мемлекеттік аппараттың жұмысын шектейтін анархияға соқтықпауы үшін қажет. Елдің саяси күштерінің арасында өзара ықпалдастық жүйесінсіз, мемлекет көпшіліктің азшылықтан басым болу құралынан саяси күш көрсету қаруына айналады.
Осыған байланысты елдегі балансты ұстап тұру үшін, азаматтардың өмірін жақсарту үшін, халықаралық саяси егеменділік пен аумақтық тұтастықты сақтап қалу үшін Қазақстанның саяси партиялары республикада тұратын адамдардың барынша көп бөлігінің пікірін білдіруге тиіс.
Парламентте не болып жатыр?
Қазақстандағы ең ықпалды саяси партиялар «Нұр Отан», «Алға», «ЖСДП», «Ақ жол», ҚКХП болып табылады. ҚР-да тіркелген 8 партияның бар болғанына қарамастан, оның 4-5-еуі ғана белсенді түрде жұмыс істейді. Ал парламентке үш партия - «Нұр Отан», «Ақ жол» және ҚКХП өтті.
«Нұр Отан» - билік партиясы, ол қатардағы азаматтарды ғана емес, көбінесе мемлекеттік қызметкерлерді жұмылдыру үшін құрылды. Осыған байланысты бұл партия мемлекеттік аппараттың мүдделеріне өкілеттік етіп, Нұрсұлтан Назарбаев брэнд-белгісін пайдаланады. «Нұр Отан» қозғалыстың емес, жағдайдың партиясы болып табылады, өйткені көбінесе «басқарушы партия» емес, бұрынғы «басқарушы президенттің партиясы» мәртебесін сақтап қалуға зейін салады.
«Ақ жол» өзін құрылымдық оппозиция ретінде көрсетіп, ірі және орта бизнестің мүдделеріне өкілеттік етеді. ҚКХП «Нұр Отан» мен «Ақ жолдың» тұғырнамаларына сенбейтіндердің сайлауға қатысуын қамтамасыз ету үшін сайлау тізіміне енгізілуі әбден мүмкін. Осы себепті партияның электораты нақсыз, қызыл жалауды сағынған, кеңестік кезеңдегі мемлекеттің патерналистік ролін сағынған адамдардан құралды.
Мысалы, парламентте жұмысшылар табы - инженерлер мен зауыт жұмыскерлерінің, сондай-ақ жаңа формация фермерлерінің өкілдері жоқ. Бұдан арысы, Қазақстанда индустриалды тап мүдделерін қорғай алатын партия мүлдем жоқ.
Социалистік бағыттағы партия не үшін қажет
Ресми индустриалды бағдарламаның нәтижесіне қарамастан, Қазақстандағы өндірістер көбейіп келеді. Бұған қоса, бақылаусыз көші-қонның нәтижесінде ірі қалалардың халқы да өсіп келеді.
Индустрия объектілері - зауыттар, фабрикалар, кен орындары өз құқықтарын қанаушылықтан қорғағысы келетін білікті персонал шоғырланған орындар болып табылады. Өйткені зауыт иелері жұмыскерлерге олар шығарған өнімнің бағасымен анықталатын жалақы емес, орташа отбасының ең төменгі қажеттіліктеріне қарап есептелетін жалақы төлейді. Дәл осы себепті жалақысы көңілінен шығатын жұмыскерлердің саны өте аз.
Жұмысшыларға жалақыларын әділ төлемеуден, сондай-ақ өндірістің шағын ғана, ат төбеліндей азшылықтың қолында шоғырлануынан олигархтар пайда болып, олардың билігін ешбір қоғам шектей алмайды. Оның негізгі себебі олигархтардың саяси партияларды, ақпарат көздерін (БАҚ) және білім беру (Жоғарғы оқу орындарын) бақылауға алуында. Яғни жұмысшыларға өздерінің құқықтарын ашық түрде қорғауға еш мүмкіндік қалмайды. Сол себептен социалистік партиясыз, жұмысшыларға, фермерлер мен халықтың басқа да топтарына өздерінің құқықтарын қорғаудың жалғыз жолы – жаппай ереуілдеу, наразылық таныту ғана қалады. Өз кезегінде социалистік партия Жаңаөзендегі сияқты наразылық акцияларын сындарлы арнаға салып, шын мәнісінде қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғай алады.
Социалистік партияның құрылғанан кейінгі негізгі міндеті – қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғау болуы керек. Ол міндетті бірнеше қарапайым функцияларға бөліп қоюға болады. Негізгі функцияның бірі – парламентте қабылданып жатқан заңдар әлеуметтік сипатта болуына бақылау жүргізу болады. Қазақстан социалистік партиясының ақпараттық функциясы Қазақстан үкіметі мен жергілікті органдарды қарапайым халық проблемалары туралы дер кезінде құлағдар етіп отыру. Сондықтан бұл партияның бөлімшелері еліміздің барлық елді мекендерінде құрылуы тиіс.
Аталған функцияларын іске асыру арқылы социалистік партия ел азаматтарына олар елді басқаруға араласа алатынын көрсете алады. Сондай-ақ партия мемлекеттік басқаруға қоғамдық бақылау жасайтын күш ретінде өзін таныта алады. Қазақстандықтардың барлығы мемлекеттің өздеріне қамқорлық жасап отырғанын көрсе, бұл қазақстандық отансүйгіштікке нық іргетас бола алады. Ал отансүйгіштіктің артуы елдегі тұрақтылықтың нығаюына әкеледі.
Социалистік партиясыз біздің елдегі көптеген азаматтардың құқықтары ескерілмей, біздің бірнеше миллион азаматтарымыз өздерінің мүдделерін заңды жолмен қорғай алмай қалады. Бұл елорда мен аймақтар арасында билік жүрмейтін үлкен кеңістіктің пайда болуына әкеп соғып, ал оларға қазір үшінші күш те ықпал етуде.
Қазіргі жағдайда деструктивтік ұйымдар тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды үйреніп алған кезде, олардың қарулы ереуіл ұйымдастыру мәселесі болжам емес, алдағы уақыт еншісінде болмақ. Мемлекеттік органдардың ағымдағы ақпараттық басымдығын біле отырып, маңғыстаулық сияқты оқиғалар енді қай жерде болатынын шатаспай-ақ көрсетуге болады. Ол шикізат өндіретін (мұнай мен маталл) аймақтар, және металлургиялық кәсіпорындар шоғырланған аудандар. Ондағы жұмысшылар жалақыларын өздерінің нақты өндірген тауарлары үшін емес, жекеменшік кәсіпорындарының жоспарына қарай алады. Бұған нарық коньктурасына тікелей байланысты сервистік кәсіпорындары өте көп ірі қалаларды қосыңыз. Ал оларды мемлекет бақылай алмайды. Нарық кезекті құлағанда елімізде мемлекеттік саясатқа наразылар саны бірнеше жүз мың адамға артады деген сөз. Әрбір елді мекенде. Ұмыт болған және қираған ауылдарда ереуілдейтін ешкім де болмайды, бірақ жастар соңғы ақшаларына қалаларда сапасыз біліп алып, немесе тыйын-тебен үшін базарларда арба сүйретіп жүреді. Бұл адамдар қазірдің өзінде жертөлелерде жасап, қазірдің өзінде жоғалған жастық шағы үшін кек алуды армандайды.
Сондай жер төлелер туралы жаңалықтар сюжет түсіріп көрсетеді: ондай жерлер лаңкесшілердің мекеніне айналған деп. Бірақ оған билік ешқандай шара қабылдамайды. Ал бұл жастарға оларды «қоғамның сілімтіктері» деп есептейтіндерін дәлелдейді. Олардың алдында, олардың балаларының, немерелерінің, шөберелерінің алдындағы маңдайына жазылғандары осындай жер төлелерде өмір сүру ғана.
Біз еңбек ұжымдары іс жүзінде зауыттардағы жағдайға бақылау жасай алатынын білеміз. Мыңдаған жұмысшы өздерінің туыстарының, жақындарының қолдауымен кез келген зауыттың жұмысын тоқтата алады. Ал егер 5-6 облыс жұмысшылары өздерінің іс-қимылдарын үйлестіріп отырса ше? Сондықтан Қазақстан қазірден бастап өз еңбектерін олигархиялық қанаушылық қанағаттандырмайтын саналы, білікті жұмысшылар мен фермерлер саны артып отыратынына дайын болуы тиіс.
Барлық сындарлы саяси күштердің өкілдерінің мемлекет басқаруына тең құқықты жіберілуі өзін-өзі реттеудің жалғыз дұрыс тетігі болып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірінің ұзақтығының кепілі болмақ. Және әлеуметтік өзгерістер міндеті тек президенттің және үкіметтің ғана алдында емес, қатардағы әрбір қарапайым азаматтың алдында тұрады. Өйткені әлеуметтік сілкіністер зәулім сарайлар мен жұпыны лашықтарды бөліп-жарып отырмайды ғой.
- 102 reads





