Бишімбаевтар «қолдаушы» тапқан, алаяқтар зардап шеккендерді алдамақ және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 29 сәуір. ҚазТАГ – Бишімбаевтар «қолдаушы» тапқан, алаяқтар зардап шеккендерді алдамақ және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Бізді қолдайтын әрі түсінетін адамдар көп - Бишімбаевтың ата-анасы»

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы ресейлік блогер Наталья Грейске сұхбат берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бишімбаевтың анасы Альмира Бишімбаева көзіне жас алып, ұлын «ана ретінде қолынан келгенше қорғап жүргенін» айтты.

«Әрине, бұл өте ауыр трагедия. Салтанаттың ата-анасын түсінемін. Үйімізде үлкен трагедия. Әлеуметтік желіде негатив материал көп. Бірақ жақсы адамдар да көп. Жағалауда жүрген кезімде шамамен 40 жастағы әйел келіп, «апай, сіз Қуандық Бишімбаевтың анасысыз ғой? Бекем болыңыз, біз сізді түсінеміз», деп бізді қолдайтынын білдірді» - дейді Альмира Бишімбаева.

Сонымен қатар, әкесі де ұлының ісіне қатысты пікір білдірді.

«Иә, ол кінәлі, ол жазалануы керек. Біз үшін бұл үлкен трагедия. Себебі Салтанат та біздің отбасымыздың мүшесі. Өз қызымыздай қарайтынбыз. Олар бақытты болғысы келді, бір-бірін жақсы көретін. Қуандықпен арасында сөзге келіспей қалатынбыз, бірақ ешқашан қол көтерген емеспін. Бұл біздің отбасымызға жат дүние», - деді Уәлихан Бишімбаев.

«Елімізде автожол сапасын бақылайтын жоба іске қосылды»

Автомобиль жолдарының сапасын бақылау бойынша кең ауқымды «Халықтық бақылау» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Республикасы көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бастамасымен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын тексеру бойынша «Халықтық бақылау» жобасы іске қосылды.

Жобаның мақсаты – Қазақстанның әрбір азаматын салынып жатқан республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша қоғамдық бақылауға шақыру. Көлік министрлігі өз кезегінде анықталған кемшіліктер мен мәселелерге ден қойып, оны қысқа мерзімде шешуді қамтамасыз етеді.

«Жобаға қатысу үшін 1403 байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру керек. Тіркеу кезінде аты-жөнін, байланыс нөмірін, сондай-ақ тұрғылықты елді мекен мен облысты көрсету қажет», - деп айтылған хабарламада.

«Алаяқтар су тасқынынан зардап шеккендерді алдамақ»

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Петропавлда су тасқынынан зардап шеккендерді біріктіретін WhatsApp чаттарында адамдар интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескерту жіберіп жатқанын мәлімдеді, деп ZHasalash.kz хабарлайды.

«Ол бойынша өтемақы төлеуді күткен адамдар белгілі бір мемлекеттік органның атынан қоңырау шалып, SMS кодын жазуды ұсынады - бұл адамның су тасқынынан зардап шеккендердің тізімінде екенін растау үшін жасалады. Шындығында, осы кодтың арқасында алаяқтар жәбірленушінің атына банктерден үлкен сомада несие рәсімдейді», - делінген хабарламада.

Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселелері тек ресми тәртіппен шешіледі - жеке сапармен немесе ресми веб-ресурстарды пайдалану арқылы.
«Халық жұмыссыз отыр»

Мәжілістің үкімет сағатында депутат Берік Бейсенғалиев Арқалықтағы жабылған кәсіпорындардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz.

Оның айтуынша, елімізде 20 астам моноқала бар. Олардың проблемасы қала құраушы кәсіпорынның кен базасының сарқылуы. Өйткені осындай кәсіпорындарда монақаланың барлық халқы жұмыс істейді.

«Мысал ретінде Арқалықты алайық. Арқалықта боксит таусылды, «ERG Group» компаниясы жұмыс орындарын жапты. Осындай жағдайдың болатынын біліп депутаттар бес-алты жыл бойы үкіметтің алдында осы өңірде жаңа өндіріс ашу бойынша жаңа талаптар қойып келеді. Бірақ үкімет тарапынан ешқандай қозғалыс жоқ. Ештеңе салынған да, ашылған да жоқ, халық жұмыссыз отыр. Арқалық кезінде үлкен бір облыстың орталығы болды. Әуежайы жабылды, пойызбен бірнеше бағыты бар еді, оның біреуі ғана қалды. Жалғыз жолы бар еді, оның өзін тасқында су жырып кетті. 100 мыңнан астам халқы бар еді, қазір 30 мың ғана. Оның өзі жұмыссыз отыр», - деді депутат.

Фото көзі: Жоғарғы сот


adimage