Алматы. 24 мамыр. ҚазТАГ - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 275 қаулысына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар білім беру ұйымдарына атау берілді және қайта аталды, деп хабарлады «Әділет» ҚР нормативтік-құқықтық актілер ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтынан.
«Мақтарал ауданы білім бөлімінің "№ 120 жалпы орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Сабыр Рахымовтың есімі; "Мақтарал ауданы білім бөлімінің "№ 123 жалпы орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілсін», - делінген құжатта.
Сондай-ақ, қаулыға сәйкес, "Қазығұрт аудандық білім бөлімінің "Комсомол" жалпы орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі "Қазығұрт аудандық білім бөлімінің "Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.