«Еліміздің азаматтарында қанша көлік бар?», Тағы бір шенеунік әйеліне тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деп айыпталды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 17 мамыр. ҚазТАГ – «Еліміздің азаматтарында қанша көлік бар?», тағы бір шенеунік әйеліне тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деп айыпталды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«Еліміздің азаматтарында қанша көлік бар?»
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан азаматтарында жалпы саны - 5 408 066 көлік құралы бар, деп хабарлайды Baq.kz.
Олардың 82,1% бензин, 7,1% дизель, 0,2% газды тұтынады.
2024 жылғы наурызда есепке 142 мың бірлік автокөлік қойылған. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6% кем болып шықты.
«Қазақстанда 100 адамға 22,6 жеңіл автокөліктен келеді, ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында – 100 адамға 39,1 автомобиль, ең азы Жетісу облысында – 100 адамға шаққанда 6,8 көліктен», - делінген ұлттық статистика бюросының хабарламасында.
«Әуежайдағы қызмет көрсету орындарының бағасына шағым көп»
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, әуежайдағы қызмет көрсету орындарының бағасын реттеп жатыр, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.
«Әуежайдың арнаулы аймақтарындағы қызметке, шәй, кофе және басқаларының қымбат болуына қатысты шағым бар. Осыған орай қазіргі уақытта азаматтық авиация комитетімен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл негізінен Алматы мен Астана қаласына қатысты», - деді Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров.
«Тағы бір шенеуніктің әйелі күйеуінің 11 жыл бойы азаптағанын айтты»
Атырау облысы Мақат ауданының әкімі, Олимпиада ойындарының қатысушысы Ринат Ибрагимовтың бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиева отау құрған 11 жылда күйеуі ұрып-соғып, зорлық-зомбылық жасағанын айтып, бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Nege.kz.
Оның айтуынша, күйеуі оны жиі ұрып-соғып, мүгедек қыламын деп қорқытқан.
«Ринат Ибрагимов  бірге өмір сүрген 11 жыл бойы балаларымыздың көзінше мені жиі ұрып-соғып, азаптады. 2021 жылы таңғы сағат төртте Ринат Ибрагимов мас күйінде балаларымның көзінше мені ұрып-соғып, бетімді жаралады. Содан кейін жедел жәрдем мен полицияны шақыруға мәжбүр болдым. Алайда ол балаларымыз үшін кешіріп, арызымды қайтарып алуды сұрады. Содан соң кешірім беруге мәжбүр болдым. Мұндай оқиға 2023 жылы 31 мамырда тағы қайталанды. Ринат Ибрагимов тағы да балаларымыздың көзінше мені тепкілеп, ұрды. Сол кезде мені мүгедек қыламын деді», – дейді әйел.
«Опырылған жолға қатысты «ҚазАвтоЖол» не дейді?»
Атырау-Индер авто жолының учаскесінде жол опырылып, жүк көлігі шұңқырға түскені туралы видео тарады, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Осы жағдайға қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері түсініктеме берді.
«Бүгін әлеуметтік желілерде «Атырау-Индер» жергілікті автожолының 27 шақырымында шұңқырға түскен автомобиль туралы бейне ролик тарады. Қазіргі таңда автожолдың учаскесін жедел қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ аймақтық филиалы тарапынан жолды жөндеуге көмек көрсетілетін болады», - делінген хабарламада.
«Су басқан аймақтарда 200 астам отбасыға баспана берілді»
Су тасқынынан кейін 202 отбасы қираған баспанасының орнына тұрғын үй мен пәтер алды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Бүгінгі таңда 24 641 отбасы Т9,3 млрд астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Мал шығыны үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі Т1,3 млрд асты. 17 мамырдағы жағдай бойынша бүгінде 202 отбасы қираған баспанасының орнына тұрғын үй мен пәтерге ие болды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 658 жаңа үй салынып жатыр», - делінген үкімет хабарламасында.

Фото көзі: Ашық дерек көзі


adimage