Алсу Ержан Максимді жүлдеден тайдырған, Бапи заңды түсінікті тілде жазуды сұрады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 24 сәуір. ҚазТАГ – Алсу Ержан Максимді жүлдеден тайдырғанын мойындады, Ермұрат Бапи заңды түсінікті тілде жазуды сұрады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«Қазақстанда 1 млн астам отбасын жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда»
Қазақстан Республикасы үкіметінің отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй құрылысын дамыту және проблемалық жобаларды аяқтау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Министрдің айтуынша, су тасқынынан зардап шеккендердің тұрғын үй мәселесін жедел шешу үшін қосымша механизмдер әзірленген. Олар: дайын тұрғын үйді сатып алу, сатып алынатын тұрғын үйді өз бетінше таңдау мүмкіндігі, жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе олардың құнын төлеу, сондай-ақ стандартты емес жобаларды пайдалану мүмкіндігі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда тұрғын үй құрылысына Т12 трлн астам инвестиция тартылып, 78,5 млн шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген.
«2030 жылға қарай барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 111 млн шаршы метрді қамтитын тұрғын үй құрылысы жоспарлануда, бұл 1 млн астам отбасыны жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді Қанат Шарлапаев.
«Солтүстікте су тасқынының екінші толқыны өтіп жатыр»
Солтүстік Қазақстан облысының ТЖД ақпараттық-талдау тобының бас маманы Жазира Қожахметова өңірде су тасқынының екінші толқыны өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды ZHasalash.kz.
Маманның айтуынша, Сергеев су қоймасындағы су деңгейі төмендеп келеді. Су бөгет шыңынан 3 метр 37 см асты. Су деңгейі соңғы тәулікте 19 см төмендеген.
«Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Есіл аудандарында су тасқынының екінші толқыны өтті, қазір ол Қызылжар ауданына және Петропавл қаласында өтіп жатыр. Соңғы тәулікте Есіл өзенінде Қызылжар ауданының Новоникольское селосында су деңгейі 6 см көтерілді. «Қазгидрометтің» болжамынша екінші толқын, бірінші толқындай көп су әкелмейді және де үйлерді су енді баспайды», - деді Жазира Қожахметова.
«Ертең бәрімізге сөз келеді»
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи кейбір экономикалық қылмыстарға жазаны жеңілдетуді көздейтін заң жобасын халыққа қарапайым тілде түсіндіруді сұрады, деп хабарлады Halyq-uni.kz.
Мәжілісте аталған заң жобасын депутат Абзал Құспан таныстырды. Құжат аясында Қылмыстық кодекстің 4 бабына өзгеріс енгізіледі. Отырыста Ермұрат Бапи бұл заң жобасының атауы қарапайым халық үшін түсініксіз екенін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
«Біз бұл заңды түсініп отырғанымызбен, оны қоғам түсінбейді. Экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыссыздандыру, оған декриминализация жасау… Мұны саяси сауаты төмен қоғам қалай түсінеді? Осының атауын қоғам түсінетіндей қылуға болмай ма? Ертең біз заңды қабылдаймыз. Осылайша, президентке және бізге сөз келеді. Мемлекет басшысы заңға қол қояды. Сол кезде 5-6 депутат қана пікір білдіреміз», - деді депутат.
«Қазақстандықтар жаңа әлеуметтік төлем алады»
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, осы жылдың басынан бері 5 918 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдар үшін арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды, деп хабарлайды Baq.kz.
Қабылдауға барлығы 6 648 адам өтініш білдірген.
Арнаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін 55 жасқа толу және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде жеті жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарттар болып табылады. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспауға тиіс. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.
«Әділетсіздік жасадым»
Танымал ресейлік әнші Алсу бес жыл бұрын Ержан Максимді жүлдеден тайдырғанын мойындады, деп хабарлайды Stan.kz.
Stan.kz мәліметінше, әнші қоғам наразылығын тудырған «Голос дети – 2019» шоуында қызының жеңіске әділ жолмен жетпегенін «Ваша Наташа» подкастында айтып берді.
«Ол кезде ештеңе ойлай алмайсың, кез келген ана сияқты балаңа көмектескің келеді. Жобадағы басқа аналардың біреуінің 10 мың жазылушысы бар, біреуінде 50 мың, біреуінде 100 мың жазылушы. Әркім өз туыстарына қоңырау шалады, әркім дауыс жинайды. Менің 2 миллион жазылушым болған, жұлдызды достарым мен әріптестерімнен қызыма дауыс беруді өтіндім. Бірақ мұның арты дұрыс болмады», - дейді Алсу.
Еске салсақ, бес жыл бұрын поп-жұлдыздың кіші қызы Микелла Абрамова «Голос. Дети» шоуына қатысып, суперфиналда өнері ең үздік деп танылып, жеңіске жеткен. Микелла қарсыластары Ержан Максим мен Валерий Казаковтан басып озды. Бірақ қолдан дауыс жинаған деген күдікпен тыңдарманның сынына ұшыраған.

Фото көзі: vokrug.tv


adimage