Қазақстанда 7 мыңдай үй мен аула су астында қалып отыр

Астана. 18 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстанда 7 мыңдай үй мен аула су астында қалып отыр, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен. «Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 718 жеке тұрғын үй, 1 130 аула аумағы су астында қалуда», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Ведомство ақпарынша, қазіргі уақытта республика аумағында су тасқыны тұрақты-күрделі режимде өтуде.
«Су тасқыны қауіпті өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары, су тасқынына қарсы іс-шаралар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралардың арқасында 18 651 адам өз үйлеріне оралды. Жедел шаралардың арқасында ТЖ аймақтарынан тұрғындар мен жануарларды эвакуациялау алдын ала жүргізілді. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117 694 адам, оның ішінде 43 931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113 852 ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге айдалды», - деп хабарлады ТЖМ.
6 887 адам, оның ішінде 3 166 бала эвакуациялау пункттерінде. 4 216 тұрғын үй мен 2 698 аула аумағынан судың бағыты бұрылды.
«10,1 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,2 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді», - делінген хабарда.
Ведомство хабарлағандай, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілікті атқаруда. Жедел желі телефонына 1 932 қоңырау түсті.
«Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға азаматтық қорғау қызметтерінен 44 156 адам, 4 611 техника, 860 су сору құралы, 332 жүзу құралы, 18 әуе кемесі жұмылдырылды, сондай-ақ волонтерлер де белсенді қатысуда. Сегіз өңірде жергілікті көлемдегі 38 ТЖ жұмыс жасауда. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Ұлытау облысында ТЖМ су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтауға, тиісті рұқсатсыз үйден және эвакуациялық пункттерден кетпеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға шақыруда», - деп хабарлады ведомстводан.

Фото көзі: ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен


adimage