Экологиялық проблемаларды шешу мақсатында 18 жол картасы әзірленді – Бектенов

   Астана. 16 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов еліміздің өңірлеріндегі экологиялық ахуалды жақсарту және өнеркәсіптік кәсіпорындардың қауіпті қалдықтарының санын азайту жөніндегі шараларға қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
  «Экологиялық проблемаларды шешу мақсатында қалалардың әуе бассейнінің жағдайын жақсартуға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған 2025 жылға дейінгі 18 жол картасы әзірленді. Жол карталары әр аймақтың табиғи ерекшеліктерін ескере отырып жасалған», - деп жауап берді Олжас Бектенов.
   Оның айтуынша, жол карталарында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту, ескі қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигондарын рекультивациялау, ағаш отырғызу, тарихи ластанған жерлерді рекультивациялау және жою сияқты іс-шаралар көзделген.
Кәсіпорындарда қалдықтар бойынша экологиялық стандарттарды енгізуге қатысты, ол экологиялық заңнамаға сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 1- санаттағы ірі кәсіпорындардың ең үздік қолжетімді техниканы (ЕҚТ) қолдануға байланысты кешенді экологиялық рұқсаттарға міндетті түрде көшуі көзделгенін атап өтті.
Бектенов ЕҚТ қолдану мақсаты қоршаған ортаға антропогендік әсердің алдын алу немесе кешенді теріс әсерді азайту болып табылады, ЕҚТ қолдану және пайдалану негізінде ірі кәсіпорындардың кешенді экологиялық рұқсатқа көшуі жоспарлануда, деді.
   Қалдықтармен жұмыс істеуде мемлекеттік бақылауды күшейту туралы ол:
   «Экологиялық заңнамада қоқыс таситын көліктерді GPS-датчиктермен жарақтандыру және көліктің қозғалысы туралы толық ақпаратты Қазақстан Республикасы экология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған «Қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесіне беру туралы міндетті талап бар. Осыған байланысты 2023 жылдың күзінде tabigat.gov.kz платформа әзірленді (өнеркәсіптік пайдалануға беру сатысында), онда қоқыс таситын көліктердің қозғалысын GPS-датчиктерінің көмегімен бақылау жұмыстары жолға қойылған», - деп түсіндірді.
   Премьердің мәлімдеуінше, бұл норма қалдықтардың тасымалдануын бақылауды күшейтуге, соның нәтижесінде рұқсат етілмеген полигондардың пайда болуына жол бермеуге ықпал етуге мүмкіндік береді.
   «Сонымен қатар қалдықтар санкциясыз орналастырылатын жерлерге жыл сайын ғарыштық мониторинг жүргізіледі. 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін елді мекендерді ғарыштық мониторингпен қамту аймағы 16-дан 39-ға дейін (аудандар, қалалар) ұлғайды. Бұдан басқа, 2024 жылы қамту аймағын ұлғайту шеңберінде қосымша жеті елді мекен (Алтай, Арал, Арыс, Қандыағаш, Жаркент, Аягөз, Қордай) қосылды», - деп хабарлады үкімет басшысы.
   Сондай-ақ ол, бұл мониторинг стихиялық полигондардың қалыптасуы мен даму динамикасын анықтауға, оларды жою және қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған басқару шешімдерін қабылдау бойынша экологиялық қадағалау жөнінде уақтылы шешімдерін қабылдауға мүмкіндік беретінін айтты.
Өз кезегінде, экология департаменттері құқық қорғау органдарымен, әкімдіктермен бірлесіп рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу бойынша тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар өткізеді, деді.
   «Үкімет Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер әзірледі, онда әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату, атап айтқанда, белгіленген орындардан тыс жерлерде қоқыс шығарғаны үшін әкімшілік айыппұлды ұлғайту көзделеді», - деп мәлімдеді премьер-министр.
ҚТҚ басқару бойынша инфрақұрылым құру, оның ішінде коммуналдық қалдықтарды басқару объектілерін салу және орналастыру үшін жер учаскелерін беру бойынша, үкімет коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымды дамыту үшін қоқыс таситын көліктерді, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын сатып алуға бағытталған кәдеге жарату төлемдері есебінен қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекіткенін атап өтті.
«Қаржыландыру өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы сыйақы мөлшерлемесі 3 % және қарыз беру мерзімі үш жылдан 15 жылға дейін көзделген. Бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі үш жылға шамамен Т200 млрд құрайды. Әрбір жергілікті атқарушы органмен мұқият пысықтағаннан кейін қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша Т232,2 млрд сомасына 94 алдын ала жоба іріктелді, оның ішінде Т46,4 млрд жеке инвестициялар», - деп жауап берді Бектенов.
Үкімет басшысы биыл қайта іске қосылған арнайы кәсіпорындарға кәдеге жарату төлемдері (экоқолдау) есебінен төленетін төлем бағдарламасы жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылатын зауыттарды қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге ықпал ететінін және биыл бұл мақсаттарға Т7,6 млрд қарастырылғаннын айтты.
«Ғарыштық мониторинг шеңберінде стихиялық үйінділердің түзілуін анықтау жөніндегі жұмысқа жұртшылықты тарту мақсатында «Waste View» және «Waste Edit» мобильдік қосымшалары бар, онда стихиялық үйінділердің түзілу орындарын тікелей тіркеуге (хабарлауға) болады», - деді премьер.
Премьер-министрдің айтуы бойынша, өткен жылы экологиялық білім беру мен тәрбиелеудің 2023 – 2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді, оған оқушыларға білім берудің барлық деңгейлерінде экологиялық сауат ашу бойынша кешенді іс-шаралар кіреді.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарында тәрбиелеудің бірыңғай бағдарламасы қабылданғанын, онда экологиялық мәдениет – ұлттық мүдденің құндылығы деп жарияланғанын атап өтті.

Фото көзі: primeminister.kz


adimage