Үлестік құрылыс саласын жетілдіруге қатысты қандай жұмыс жүргізілуде

Астана. 26 наурыз. ҚазТАГ – Үкімет үлестік құрылыс бойынша депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
«Құрылыс саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Ағымдағы жылдан бастап қала құрылысы сараптамасы институты енгізілді, ол қала құрылысын жоспарлау кезеңінде қалаларды салу кезінде бұзушылықтардың алдын алуға, рұқсат құжаттарынсыз құрылысты және құрылыс нормаларының басқа да ауытқуларын болдырмауға мүмкіндік береді», - деп жауап берді ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр депутаттық сауалға.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары сондай-ақ, «Табиғи монополиялар туралы» заңға белгіленген және бос қуаттарды, инженерлік желілердің схемаларын өзектендіру, қала құрылысы кадастры шеңберінде техникалық жағдайлар беру бойынша түзетулер қабылданғанын және бұл түзетулер бос инженерлік қуаттар болмаған кезде жер учаскелерін беруге жол бермеуге бағытталғанын айтты.
«Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде (парламент сенатының қарауында) құрылыстың сапасына уақытылы инспекция жүргізуге және бұзушылықтардың жолын кесуге, оның ішінде құрылысты тоқтатуға мүмкіндік беретін жедел ден қою шарасы көзделген», - деп мәлімдеді бірінші вице-премьер.
Склярдың айтуынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында (үлестік құрылыс жөніндегі заң жобасы) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының камералдық бақылауы мен жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік беретін түзетулер көзделген.
Премьердің бірінші орынбасарының мәлімдеуінше, үлестік құрылыс саласындағы құрылыс салушылардың жауапкершілігін қатаңдату бойынша, жаңа проблемалық объектілердің пайда болуына жол бермеу және құрылыс салушылардың үлескерлердің қаражатын тартуы мақсатында заңнаманы айналып өту кезінде осы саланы мемлекеттік реттеуді күшейту бойынша заңнамалық түзетулер дайындалды (қазір осы түзетулерді сараптамалық қоғамдастықпен және мемлекеттік органдармен талқылауда, содан кейін олар парламент мәжілісіндегі жұмыс тобы шеңберінде үлестік құрылыс жөніндегі заң жобасына енгізілетін болады).
«Атап айтқанда, салынып жатқан тұрғын үйлерде үй-жайларды сатып алудың алдын ала шарттарын жасасуға тыйым салу, құрылысты одан әрі тоқтата тұра отырып, үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны үшін айыппұл санкцияларын (300-ден 2000 АЕК-ке дейін) ұлғайту, үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатсыз жарнаманы шектеу, жергілікті атқарушы органдардың үлескерлердің қаражатын тартудың заңдылығына мониторинг жүргізу, салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша мәмілелерді міндетті қолма-қол қаражатсыз жүргізу қарастырылған», - деп хабарлады Скляр.
Сондай-ақ ол, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске риэлторлар мен заңсыз жарнамаға қатысатын басқа да адамдарды жауапқа тарту мүмкіндігі бөлігінде өзгерістер енгізу жоспарлануда екендігін айтып өтті.
«Бұдан басқа, ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландыру және жаңа инвесторларды тарту жолымен үлестік құрылыстың қазіргі проблемалық объектілерін аяқтау бойынша нақты жұмыс жүргізілуде (жалпы осы тетіктер есебінен 2019-2023 жылдары республика бойынша 118 проблемалық үй берілді және 12 мыңға жуық үлескер кілттерін алды)», - деп мәлімдеді бірінші вице-премьер.
«Саланы цифрландыру шеңберінде «Қазреестр» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді (жүйеде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды тіркеу жүзеге асырылады). Бұл жүйені жетілдіру үшін оны сыртқы ақпараттық жүйелермен және мемлекеттік дерекқорлармен (epsd порталы, «Е-лицензиялау» АЖ, МҚК ААЖ және «Тұрғын үй порталы» АЖ) интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл үлестік құрылыс объектілері бойынша мәліметтер жинауды және өтпелі талдау жүргізуді (объектілерді барлық міндетті құжаттаманың бар-жоғына тексеру жүргізу) қамтамасыз етеді», - деді үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар ол, саланы жетілдіру, оның ішінде сәулет, құрылыс және үлестік құрылыс саласындағы бақылауды күшейту, бұзушылықтарға уақытылы ден қою және жолын кесу, берілген рұқсаттарға тұрақты тексеру жүргізу, сала субъектілерінің жауапкершілігін арттыру жөніндегі тиісті шаралар Құрылыс кодексінің жобасында да көзделгенін атап өтті.

Фото көзі: pixabay.com


adimage