«Дипломат» қонақ үйі қожайынына қайтарылды – адвокат

Астана. 3 наурыз. ҚазТАГ – Өзін Нұр-Сұлтандағы «Дипломат» қонақ үйінің «қожайынымын» деп атайтын «бизнесмен» Абдулғани Беделхан қылмыстық істе үш түрлі атпен жүр.
Бұған дейін Абдулғани Беделханның туыстары Ақорда алдында қарсылық акциясына шығып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап еткен болатын. «Бизнесменнің» анасы баласын тергеу изоляторында заңсыз ұстап отыр-мыс деп мәлімдеді. Аталмыш іспен танысу барысында ол ер адамға қатысты бұған дейін ҚР ҚК 190 бабы 4 бөлімі 2 тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғаны белгілі болды.
«Время» басылымы аталмыш істі егжей-тегжейлі баяндаған.
«2016 жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан тұрғындарын қылмыстық жаңалық есеңгіретіп тастады: Шардара ауданының әкімі Арман Абдуллаев төбелестен басын қатты жарақаттап алған. Осы жағдайдан кейін елдің оңтүстігіндегі жағдайдың ушыққаны соншалық ТЖ тексерумен бас прокуратураның арнайы прокурорлары айналысқан. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, ал мемлекеттік қызметкерді ұрған күдікті кәсіпкер Ғани Тайжан бас сауғалап қашып, оған іздеу жарияланды. Жақында оны тапты, алайда ол өзін басқа адаммын деп таныстырды», - делінген хабарда.
Әзірге Ғани Тайжан іздестіріліп жатқанда, 2016 жылдың 22 желтоқсанында соттың шешімімен оның Өскемендегі «Берел Құрылыс» құрылыс компаниясы банкрот деп жарияланды. Хабарда атап өтілгендей, бұл ЖШС қалалық құрылыс бөліміне Т142 979 905 шығын келтірген, сонымен қатар Т33 349 589 көлеміндегі алдын-ала төлемді өтемеген. Бұдан басқа компанияның Т242 184 980 сома көлеміндегі берешегі қалған.
«2018 жылдың қысында елордада кәсіпкер Серік Қарымсақовпен Абдулғани Беделхан деген біреу танысып, мәміле ұсынған – коммерциялық жылжымайтын мүлкін сатуды. Өзінің мүмкіндігінің зор екендігін көрсету үшін жаңадан пайда болған серіктесі қымбат қонақ үйдегі кездесуге бұрын аса беделді болған мемлекеттік қайраткерді ертіп барған, оның жақын тумасы қазақстандық «Форбстың» жоғары жолдарында тұрған адам екен. Оның есімінің танымалдығы соншалық, оны басылымымыздың бетінде жариялай алмаймыз», - деп жазады басылым.
Газетте жазылғандай, тараптар қол алысып, алдын-ала сатып алу шартын жасаған.
«Шыны керек, Абдулғанидың орнына құжатқа оның әкесі Беделхан Тайжанов пен қасына еріп барған дөкей ағасы (өз танысының адалдығына кепіл ретінде болуы керек) қол қойған. Мәміле бойынша толық төлем жасағаннан кейін бизнестегі жаңадан пайда болған әріптестер ары қарай рәсімдей отырып, сату-сатып алу шартын жасайды. Алайда Қарымсақовтың айтуынша, уағдаластыққа қарамастан Беделхан жылжымайтын мүлік иесінің заңды келісімінсіз сатушының коммерциялық мүлкін иемденіп қана қоймай, оны салу арқылы миллиондаған несие алып үлгерген, оның бір бөлігін қымбат тұратын жылжымалы және жылжымайтын мүлік алуға жұмсаса, бір бөлігін қолма-қол ақшаға айналдырған», - делінген хабарда.
Нәтижесінде Нұр-Сұлтанның экономикалық тергеу қызметі аса ірі көлемде алаяқтық күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.
«Көптеген құжатта, тергеушілердің кәсіби тілімен айтқанда, боямалаудың айқын белгілері байқалған, оны сарапшы-жазуды танып айыратын мамандар растаған. Оның үстіне іс материалдарында үш есім жүр - Ғани Тайжан, Абдулғани Беделхан мен Абдулғани Тайжан, бірақ күдікті – біреу», - делінген «Время» басылымындағы жарияланымда.
Сонымен бірге, тағы да бір қылмыстық өткені болуы мүмкін жағдай туралы белгілі болды. Беделхан/Тайжан Шардара су қоймасында браконьерлерге заңсыз қамқорлық жасауға қатысы бар болуы мүмкін, ол үшін апта сайын әр қайықтан $500 көлемінде сыйақы алып отырған деген мәліметтер де келтіріледі. Бұл ретте әңгіме қарулы қарақшылар тобы туралы, оларға «Дипломат» қонақ үйінің ендігі экс-қожайыны жетекшілік жасаған болуы да мүмкін.
Қонақ үйдің заңды иесіне қайтарылғандығы туралы ақпарды оның адвокаты Нұрлан Азбанбаев растады.
«Бүгін Нұр-Сұлтан қ. сотының апелляциялық сот инстанциясының шешімі шықты. Бірінші сот инстанциясының шешімі күшінде қалған. «GB CORP» ЖШС мен «Ақтерек ЛТД» ЖШС арасындағы шарттар жарамсыз деп танылды. «Дипломат» қонақ үйі Серік Итенұлы Қарымсақовтың «Ақтерек ЛТД» компаниясына қайтарылды», - деді Азбанбаев 28 ақпан күні агенттік тілшісіне.

adimage