«Бишімбаев пен Байжановты енді не күтіп тұр?», СҚО-дағы үйлер мәселесі және тағы басқа тақырыптар дайджесті

    Астана. 6 мамыр. ҚазТАГ – «Бишімбаев пен Байжановты енді не күтіп тұр?», СҚО-дағы үйлер мәселесі және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
   «Ақтөбеліктер қалыпқа келтірілген жол сапасына шағым айтуда»
Су тасқынынан соң өңірде көптеген көшенің тозы шықты, жергілікті билік өкілдері көлік қатынасын реттегенімен, тұрғындардың жол сапасына көңілі толмай отыр, деп хабарлайды El.kz.
Жергілікті тұрғындардың бірі қалалық пабликте 12-шағын аудандағы көшенің жағдайы көңілден шықпайтынын айтып, жазба қалдырған.
   «Әуежайдың ұшу-қону жолағы су астында қалғанда, асфальтті қазып, барлық су өзенге бұрылды. Жұмыс аяқталған соң жолды ашып, қозғалысты қалыпқа келтірді. Жұмыстың сапасыз атқарылуы жол қатысушыларының барлығына қауіп төндіруде. Көлік кептелісі туындайды. Кедергіге дейін ешқандай белгі қойылмаған», - деп жазды жүргізуші.
    «Бишімбаев пен Байжановты енді не күтіп тұр?»
Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты бүгінгі сот отырысында екі айыпталушы - Бишімбаев пен Байжанов соңғы сөздерін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жоғарғы сот экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туыс інісі Бақытжан Байжановтың сот отырысы 10 мамырға, сағат 10:00 шегерілгенін айтты.
   «Келесі сот отырысында алқабилердің қатысуымен соттың шешуіне жататын сұрақтарды талқылау және тұжырымдау өтеді. ҚПК-нің 653-бабының 1-бөлігіне сәйкес сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi», - деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі өкілдері.
«Ақтөбе облысында жауапты мекеме салынып бітпеген тұрғын үй үшін қаржы аударған»
Ақтөбе облысында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар үшін салынған тұрғын үйдің техникалық заңдылыққа сәйкес келмейтіндігі анықталды, деп хабарлайды Baq.kz.
Бұл олқылықты Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жүргізген аудиторлық тексерулер кезінде Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтады.
«Мұғалжар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Қандыағаш қаласында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылар үшін тұрғын үй сатып алу жобасы бойынша Ә. есімді жеке тұлғамен келісімшарт жасасқан. Оның жалпы сомасы - Т672 млн. Келісімшарт былтыр желтоқсан айында жасалынған. Жүргізілген аудиторлық тексерулер кезінде біз бөлімнің қомақты мөлшердегі қаражатты келісімшарт және тауар алу-беру актісін ұсынбай аударғанын анықтадық. Сондай-ақ тексеру кезінде пәтерлер қоныстануға дайын еместігі белгілі болды», - дейді Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.
«Қазақстандық дипломат әйелін жылдар бойы азаптаған»
Қазақстандық дипломаттың әйелі күйеуінің үнемі зорлық-зомбылық көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.
Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлы әйелі мен оның әпкесін ұрып-соққан. Бұл туралы «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жазды.
«Дина, сәлем! Мен Мамаш Карина Госманқызы, БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлының жұбайымын. Мен 10 жыл бойы зорлық-зомбылыққа ұшырағанымды мәлімдеймін. Мен күйеуімнің маған жасаған барлық қиянаты үшін дипломатиялық мәртебесінен айырылып, түрмеге жабылғанын қалаймын. Ол маған физикалық, жыныстық, эмоционалдық, экономикалық, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті», - дейді ол.
«СҚО-да жаңа үйлерді салу жұмысы қашан аяқталады?»
Солтүстік Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің бөлім басшысы Мадина Түлешова жаңа үйлерді салу жұмысы күн суығанға дейін аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Су тасқыны кезінде, өңірде 3 898 үйді су басып, 2 330 үй су астында қалған.
«Бүгінде 694 үй зерттелді, 200 үйге бағалау жүргізілді. Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу бойынша құрылған арнайы комиссияларға 4 154 өтініш келіп түсті. 3 748 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды, төленген қаражаттың жалпы сомасы Т1 млрд 383 млн асады», - дейді Мадина Түлешова.

Фото көзі: Жоғарғы сот


adimage